ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНЫҢ САЯСИ КӨШБАСШЫСЫ

Қазақтың ұлт-азаттық қозғалысы тарихында Алаш партиясы мен Алаш Орда ұлттық үкіметі – отарлық бұғаудағы халықтың еркіндікке ұмтылған ең биік өрнегі. Алаш көшбасшыларының ішінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы,  Мұстафа Шоқай сынды ұлы тұлғалардың есімі кеңінен танылған. Алайда осы қозғалыстың ішкі құрылымында елдік мүддеге қызмет еткен, бірақ тарихта назардан тыс қалып қойған тұлғалар өте көп. Солардың бірі де, бірегейі – қазақ қыздары арасынан шыққан алғашқы дәрігер, ұлттық рухы биік қайраткер Аққағаз Досжанқызы еді!

Аққағаз –  қазақ қыздарының феномені. Аяулы анамыз табиғатынан рухты, намысты, сергек болыпты. Ол туралы жазылған естеліктерді оқып отырсаңыз, болмысына, мінезіне қайран қалып, еріксіз бас шайқайсың. Жігерлі, айтқан сөзінен қайтпайтын, табанды, ұстанымына адал болған Аққағаз Орынбор әйелдер гимназиясын алтын медальмен тәмамдап, Мәскеу медицина институтында білімін жалғастырады. Бұл – қазақ қыздары үшін бұрын-соңды болмаған тарихи оқиға еді.

1917 жыл – Ресей империясы күйреп, жаңа қоғамдық құрылым іздеген аласапыран кезең болатын. Сол тарихи шақта Қазан қаласында өткен Бірінші Бүкілресейлік Мұсылман әйелдері сиезі мұсылман қоғамындағы әйелдің орны туралы ашық пікір айтылған айрықша жиын болыпты. Бұл сиез – тек әйелдер мәселесін талқылаған басқосу емес, ұлттың болашағын, өркениеттік бағытын айқындауға ұмтылған тарихи мінбер еді. Осы тарихи жиынға татар, башқұрт, қазақ және басқа да түркі-мұсылман халықтарының өкілдері қатысты. Төмендегі суретте көрініс тапқан тұлғалардың арасында үшінші қатарда сегізінші болып отырған Хадиша Танашева, төртінші қатарда үшінші – Аққағаз Досжанқызы, бесінші қатарда екінші – Гүлсім Асфендиарова бар. Бұлар – ХХ ғасыр басындағы түркі әлемінде әйел теңдігі мәселесін батыл көтерген жаңа буын зиялылары-тын. 

Өр мінез Аққағаз Досжанқызы осы Қазан сиезінде әйелдердің білім алуы, некеде еркіндік, қоғамдық іске араласу құқығы туралы мәселені қолдап сөз сөйлеген делегаттардың қатарында болды. Ол әйелдің тек отбасы аясында ғана қалып қоюы ұлттың дамуын тежейтінін түсіндірген. Оның пайымынша, «ана сауатты болмай, ұрпақтың санасы оянбайды»,  ал ұлттың ілгерілеуі ең алдымен әйелдің рухани және зияткерлік еркіндігіне байланысты.

1917 жылдың мамырында Мәскеуде өткен Бүкілресейлік Мұсылмандар сиезінде де Аққағаз Досжанқызы әйел теңдігі мәселесін көтергені белгілі. Бұл жиында автономия, жер, оқу-ағарту, дін мәселелерімен қатар әйелдің азаматтық құқықтары сөз болды. Аққағаз әйелдің қоғамдағы орнын кеңейту – ұлттық жаңғырудың бір шарты екенін атап көрсетті. Оның ұстанымы әйел теңдігін тек жеке әлеуметтік мәселе ретінде емес, ұлттың өркениеттік тағдырымен сабақтас құбылыс ретінде қарастырғанын аңғартқанын байқаймыз.

Анығында, Қазан мен Мәскеудегі сиездерінде көтерілген әйел теңдігі идеясы қазақ қоғамында жаңа серпін тудырған. Бұл қозғалыс кейін қыздардың білім алуының дамуына, қоғамдық ұйымдардың құрылуына және баспасөзде «әйел мәселесінің» тұрақты тақырыпқа айналуына ықпал етті. Аққағаз Досжанқызы сынды қайраткерлердің батыл сөзі ХХ ғасыр басындағы ұлт жаңғыруының маңызды құрамдас бөлігі ретінде хатталды. 

Тарихнамада Аққағаз есімі көбінесе «Алаш идеясын қолдаған» интеллигенция қатарында эпизодтық деңгейде ғана айтылады. Бірақ бұл – үстірт баға. Шынтуайтына келгенде, Аққағаз Ташкенттегі қазақ жастарының ұйымдарына жетекшілік еткен, ХХ ғасыр басындағы мәдени-ағартушылық қоғамдық істерге айрықша белсене араласқан әрі Алаш Орда ұлттық үкіметінің әлеуметтік мәселелерін дәрігер ретінде шешуге атсалысқан үлкен қайраткер. Мұсылман қыздар арасынан шыққан оқыған, озық ойлы алғашқы сауатты әйелдердің бірегейі. 

Аққағаздың Алаш жасағының құрамында медицина қызметкері әрі барлаушы болғаны жайлы деректер кездеседі. Осы фактілер Аққағаздың жай ұлттық идея жанашыры ғана емес, Алаш қозғалысының белсенді қатысушысы, интеллектуалдық серігі, жас ұрпаққа бағыт көрсеткен үлгі иесі екенін дәлелдейді.

Неге Аққағаз әлі күнге дейін екінші қатарда тұр? Біріншіден, қазақ тарихнамасында ұзақ уақыт бойы «ұлт көшбасшысы» бейнесі ерлермен ғана байланыстырылып келді. Әйелдер қоғамдық рөлінен гөрі жеке, тұрмыстық салада ғана бағаланды. Бұл – кеңестік стереотиптің салдары. Екіншіден, Аққағаздың артына қалдырған дерек көлемі шектеулі – оның шығармашылық мұрасы, күнделіктері не саяси манифесттері бізге жетпеген. Бірақ бұл оның тарихи маңызын жоққа шығармайды. Өйткені оның өмірлік жолы – ұлтқа қызмет етудің нақты үлгісі.

Жалпы Аққағаз – декорациялық бейне емес, ұлт тарихындағы рухани өзек. Алаш қозғалысын тек саяси партия ретінде емес, ұлттық жаңғырудың мәдени және рухани қозғалысы ретінде қарастырсақ, Аққағаз Досжанқызы оның негізгі тұлғаларының бірі ретінде танылуы керек. Ол – ұлт анасының символы, қазақ әйелінің оянуының бастауы, Алаштың гуманистік арнасының көрінісі. Асылында, Аққағаз бастаған ХХ ғасыр басындағы ақ жүрек қазақ қыздарының қозғалысы – ұлт-азаттық күрестің мәдени-рухани қанаты, ал олардың қызметі – қазақ модернизациясының ұлттық коды. 

Бірінші бүкілресейлік мұсылман қыздарының сиезі

Қазан қаласы, 1917 жылСуретте (солдан оңға қарай): үшінші қатарда сегізінші – Хадиша Танашева, төртінші қатарда үшінші – Аққағаз Досжанқызы, бесінші қатарда екінші – Гүлсім Асфендиарова

Posted in Алаштану