Өлкетанушы дәптеріне түскен деректер
Жер таппан жерге жетер Жетісуым:
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын.
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.
Асқардан ақтарыла арқыраған,
Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын.
Жетісу, кеудең асқар, аяғың қол,
Қоңың құм, мықынында бар сексеуіл, – деп жырлаған екен заманында қазақ поэзиясының ерен жүйрік Құлагері, ақиық ақын Ілияс Жансүгірұлы. Ақын бабамыз айтқандай, Жетісу – жер бетіндегі теңдесі жоқ ғажайып өлке.
Достар, Жетісу деген атау қалай шыққан? Жетісудың жеті өзенінің аттарын білесің бе? Осындай сауалмен бастағым келеді сөз басын. Иә, Жетісу – Қазақстанның Швейцариясы. Табиғаты келіскен, таулары көкпен таласқан, өзендері айнадай сәуле шашқан. Ажары – көркем, өңі – сымбатты.
Жетісу – сақ пен ғұнның алтын бесігі. Түрк тайпаларының атажұрты. Қазақ Ордасының орталығы. Жетісу тарихынан қысқа сөз айтайық:
Жетісу – тарихи өңір. Тарихи деректер мен зерттеулерде Жетісу атын құрайтын 7 өзен туралы түрліше пікір бар. Саяхатшы-ғалым А.К. Гейнс бұлардың қатарына Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызса, А. Влангали Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік-шығыстағы Аягөз, оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін атайды. Академик В.В. Бартольдтың айтуынша, алғашқыда жергілікті халық Жетісу деп Іледен солтүстікке қарай созылған аймақты атаған, оған Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу өзендері енген. Ал Жетісу Іленің оңтүстігіне қарай созылған таулы аймақ деген ұғым ХІХ ғасырда тарап, сондай-ақ, оған Тянь-Шаньның солтүстік-батыс және орталық аудандары да қосылатын болған. Тарихи әдебиетте Жетісу ұғымына Шу алабы мен Нарын өзенінің жоғарғы ағысын қамтитын атырап та кірген.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының аса қуатты экономикалық аймағы да беделді облысы – Алматы облысы. Алматы облысы еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан. Жерінің аумағы – 224,0 мың шаршы шақырым. Облыс аумағында 17 аудан және 3 облыстық бағыныстағы қала бар. Облыс –тұрғындар тығыз орналасқан аймақтардың бірі. Жетісу аумағында 2 миллионнан аса адам тұрады, оның 70 пайызы – қазақтар. Алматы облысы батысында Жамбыл, солтүстігінде Балқаш көлі арқылы Қарағанды, солтүстік-шығысында Шығыс Қазақстан облыстарымен, шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстігінде Қырғызстан Республикасымен шектеседі.
Облыстың табиғаты мен жер бедері әр түрлі болып келеді. Балқаш және Алакөлге ұласатын солтүстігі көлбеуленген құмды жазық алқап. Солтүстік шығыста Жетісу Алатауы мен Барлық тауының аралығында Жоңғар қақпасы орналасқан. Облыстың шығысын Жетісу Алатауының сілемдері толығымен қамтыған. Осы тұста Жетісу Алатауының ең биік тауы – Бесбақан (4442 м) көк тірейді. Оңтүстік және оңтүстік-шығысында Іле, Күнгей, Теріскей Алатаулары, Кетпен (Ұзынқара) жотасы және Солтүстік Тянь-Шань сілемдерінің жоталары жатыр.
ХІХ ғасырдың ортасында Жетісуды патшалық Ресей жаулап алып, 1848 жылы 10 қаңтарда отаршылық-әкімшілік құрылым – Ұлы Орда приставтығы құрылды. Ол 1856 жылы Алатау округі аталды. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құрылғанда қазіргі Алматы облысының бірталай бөлігі Верный уезі атанып, Жетісу облысының құрамына кірді. Орталығы Верный (Алматы) бекінісі болып белгіленді. Жаңа облысқа Жаркент, Қапал, Сергиополь, Тоқмақ, Ыстықкөл уездері енді.
1882-1897 жылдары Жетісу облысы Дала генерал-губернаторлығына қарады. 1897 жылдан бастап ол Түркістан генерал-губернаторлығының, 1918-1924 жылдары Түркістан АКСР-і құрамында болып келді. 1924 жылы Орта Азияда жүргізілген ұлттық-территориялық межелеу нәтижесінде Жетісу облысының қазақ аудандары Қазақ АССР-іне енді.
1929-1932 жылдары Алматы округі аталды. 1932 жылдың 10 наурызында Алматы облысы болып қайта құрылды. 1944 жылғы 16 наурызда Алматы облысынан Талдықорған облысы бөлініп шықты. Талдықорған облысы 1959-67 жылдары Алматы облысы құрамында болып, 1967 жылғы 23 желтоқсанда қайта бөлінді. 1997 жылғы 22 сәуірде Талдықорған облысы таратылып, оның аудандары Алматы облысына қосылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 14 сәуірдегі «Алматы облысының әкімшілік орталығын көшіру туралы» № 585 Жарлығына сәйкес 2001 жылдан бастап Талдықорған қаласы облыс орталығы болды.
Күндіз – күліп, түнде – күміс боп ағатын өзендер өлкесіне саяхаттайық…
Іле өзені
Іле – Балқашқа құятын өзендердің ең үлкені, Жетісудың ең ірі өзені. Тянь-Шань тауларынан, Текес пен Күнгес өзендерінің қосылуынан пайда болған. Ұзындығы – 1469 шақырым. Қытайдың Шыңжаң ауданына бастау алатын бұл өзеннің 815 шақырымы Қазақстанда жатыр.
Өзен мұздықтармен, жерасты суларымен толығады. Өзеннің 70 пайызы Қытай аумағында, қалған 30 пайызы Қазақстанда қалыптасады. Ағысы жайлы, кең, жағасы аласа. Іле өзені бойында Қапшағай бөгені салынған. Су қойманың ұзындығы 70 шақырым, ені – 5 шақырым.
Түрген, Қаскелең, Талғар, Күрті, Шілік, Нарын, Өскен, Қорғас сынды сілемдері бар. Жиделі мен Топар өзендері Іле арнасының басты су тамыры саналады.
Өзен балыққа бай, атырауында ондатр ауланады. Кезінде ондатр шаруашылығы болған. Жағасында қамыс көп, тоғайлы. Қаз, үйрек, тұрпан, дуадақ, аққу, тырна, тау және дала шілі сынды құстар тараған. Ал қамыс пен тал өскен жерлеріне қырғауыл жүреді, қаршыға ұя салады. Жайын, сазан, шортан сынды балықтар көп.
Іле маңы жоталары мен тауларында марал, таутеке, тау ешкі, арқар жайылады. Кезінде Іледе жолбарыс болған деген аңыздар бар.
Іле – Қазақстандағы тарихи-табиғи ескерткіштерге бай өлке. Шарын шатқалы мен оның бойындағы тауларда көне таңбалар мен қорғандар, тас мүсіндер бар. Әнші құм, Алтынемел ұлттық саябағы, Кербұлақ сияқты қорық орналасқан.
Іле – қазақ жерінде алғаш жүк тасымалы ашылған өзен саналады. Іле атты порт-кент болған. ХІХ ғасырдың ортасынан бастап Қазақстан мен Қытайдың арасында тауар тасымалданған.
«…Іле арқылы өтетін өткелді… Албан руының қазақтары ұстап тұр…, жалпақ түпті қайықпен өтеді. Өткізу тәсілі бүкіл Шығыс үшін бірдей: қайық аттың құйрығына байланып, олар сүйреп шығарады. Қайық өте ескі, қайықшының бірі қайықты басқарып отырса, басқалары киізбен жамалған тесіктерден кірген суды сыртқа төгумен болады», – деп жазады атақты ғалым, саяхатшы Шоқан Уәлиханов.
Іле атауы қайдан шықты? Көптеген ғалымдар Іле гидронимінің негізінде іл/ыл «су» көне түбірі жатыр деп есептейді. Мысалы, Есіл, Еділ, Ойыл, Қиыл, Тобыл секілді гидронимдер құрамында кездесетін географиялық атау. Бұл – белгілі бір топонимдерді қалыптастырудың типтік белгісі болғандықтан, ыл/іл көне гидрографиялық терминінен Іле атауы қалыптасқан деген пікірге келсек болады. Осыдан Іле Алатауы, Ілебасы сынды атаулар қалыптасқан. Қытай жазбаларында Іле өзені «Или» немесе «Или-гол» атауымен кездеседі. Ал Балқашты «Жо-хай» көлі деп атаған.
Лепсі өзені
Жетісудың жеті өзенінің бірі – Лепсі. Лепсіні тарихтан жақсы білеміз. Өйткені Алматы облысында салынған алғашқы қалашықтардың бірінің атауы дәл осы «Лепсі» қамалы (1847 жыл) болатын.
Лепсі – Жоңғар Алатауынан басталып Балқаш көліне барып құятын өзен. Балқашқа 5 өзен (Іле, Қаратал, Лепсі, Аягөз, Ақсу) келіп құйса, көлемі жағынан Лепсі үшінші орында (Іле мен Қараталдан кейін). Бастауы 3 мың биіктікте жатыр. Жазықтағы ені 30 метрге дейін, ал тереңдігі 5 метрге дейін жетеді. Өзеннің ұзыныдығы – 418 шақырым, Алматы облысының Ақсу, Сарқан аудандарымен ағып өтеді. Бассейн аумағы – 8040 км².
Лепсіге Ағынықатты, Сарымсақты өзендері келіп қосылады. Лепсі мен Серкесай шатқалы, Қарғалы аңғарымен ағады.
Өзен желтоқсанда қатып, наурызда ериді. Суы егін суаруға, жағалауы шабындық пен жайылымға пайдаланылады. Лепсінің су режимін реттеу үшін Лепсі каналы салынған.
«Лепсі» атауы қайдан шыққан? «Лепсі» атауы «Ертіс», «Ырғыз», «Шу», «Жем», «Есіл», «Талғар» сияқты көне топонимдік атаулардың қатарына жатады.
Лепсі гидронимін А.Әбдірахманов, Е.Қойшыбаев, Т.Жанұзақ т.б. ғалымдар парсы тіліндегі Ләб//лаб – «ерін» сөзінің ауыспалы мағынада («жаға», «жар») қолданылу нұсқасынан жасалғанын айтады. Шыныда да екі жағасы түрілген ерінге ұқсас өзендерге, сайларға ерін географиялық термині сәйкес келеді. Мәселен, Шығыс Қазақстанда Үріл моңғ. уруул «ерін» топонимі бар.
Лепсі гидронимінің екінші сыңары – сы, сі «су» терминінің көне тұлғасы екені дәлелденген. Сонда Лепсі «жағалары тең, біркелкі түріле біткен су» мәнін береді деуге болады.
Лингвист Бердібек Бияровтың айтуынша, «Лепсі» атауы қазақ тіліндегі «ілеспе» сөзінің қысқарған түрі деген пікір айтады. «Өйткені Лепсі өзіне Басқан, Сарқан тағы басқа бірнеше шағын суларды қосып, ілестіріп барып Балқашқа құяды» дейді ғалым.
Қаратал өзені
Қазақстанда «Қаратал» аттас үш өзен бар екен. Оның бірі Ақмола облысында, екіншісі Қарағанды облысында. Ал үшіншісі – Алматы облысындағы даңқты Жетісудың жеті өзенінің бірі, Балқаш алабына қарайды. Жағасында талы мен тоғайы мол әрі қарағашы көп болғандықтан, Қаратал атанып кеткен.
Қараталдың бойында Талдықорған, Үштөбе мен Текелі қалалары орналасқан. Алматының Көксу, Қаратал, Ескелді сынды аудандарын кесіп өтіп, Балқашқа құяды. Көлге құяр тұсы кең жайылған, арнасы 100 метрге дейін жетеді. Өзен ағысының орташа жылдамдығы, шамамен, 7 шақырым/сағат.
Жоңғар Алатауындағы мұздықтардан бастау алатын өзен. Таудан аққан Текелі, Қора, Чажа өзендерінің қосылуынан пайда болған. Жалпы ұзындығы – 390 шақырым. Су бассейнінің көлемі – 19,1 мың шаршы шақырым. Алғашқы 160 шақырымы таудың ішімен ақса, кейін Сарыесек атырау, Жаманқұм, Бестас құмына өтіп, Балқаш жазығына келіп жайылады. Қараталға Көксу, Быжы, Қара, Теректі, Лаба, Балықты, Мүкір сынды өзендер келіп құяды. Арасында ең үлкені – Көксу.
Қаратал – асау өзендердің бірі. Көктем мен жазда жауын-шашын көбейсе, арнасынан асып кетеді. Оның үстіне, құмды, тақырмен аққан жері босаң, жағасын лезде жайып кетеді. Өзен желтоқсанда қатып, наурызда ериді.
Қаратал – Балқашқа құятын екінші ірі өзен (біріншісі – Іле). Көлге құйылатын судың 20 пайызын құрайды. Өзен бойында бірқазан, үйрек, шағала, құтан сынды құстар мекендейді.
Суы таза, ішуге жарамды. Маңайындағы елдімекендердің барлығы осы Қараталдан су алып отыр. Су күз айларында тартылып, қазан айына қарай тіпті таяз боп кетеді.
Кезінде Қараталдың Балқашқа құяр тұсы бес арнамен кеп қосылады. Қазір тек бір арнамен ғана су келеді. Ақтөбе құмымен келіп көлге құятын тағы бір сағасы болған. Алайда оның барлығы көкөніс шаруашылығы қолға алынған кезде, тартылып кеткен. Қазір де өзен су егістік пен электр энергиясын өндіруге қолданылады. Өзен бойынша шағын СЭС бар.
Қаратал өзенінің қазақ тарихында маңызы ерекше. Қазақ хандығы алғаш Жетісу жерінде құрылғаны белгілі. Демек, алғашқы қазақ рулары да дәл осы өзен бойында қоныстанып, орда көтерген. Қараталдың бойындағы шатқалдарда сақ пен көне түркі кезеңінде қашалған петроглифтер сақталып қалған. Шамамен, қола дәуірінде жазылған.
«Жетісу» деген атау ХІХ ғасырдың ортасында пайда болған. Бұл аймаққа Ресейден келіп қоныс тепкен казактар өңірдің шүйгін табиғаты мен мол суына қызығып, жер жаннатына теңеген.
Ақсу өзені
Ақсу – Алматы облысы Ақсу, Алакөл аудандарындағы өзен. Ұзынды-қысқалы 132 саласы бар. Ақсудың ұзындығы 316 км, су жинау алабы 5040 км2.
Жетісу Алатауының 4000 м. биіктікте орналасқан мұздықтарынан бастау алып, Балқаш көліне құяды.
Көпжылдық орташа су шығыны Жансүгіров ауылы тұсында 11,2 м3/сек. Өзен жоғарғы ағысында тауаралық Қапал аңғарын кесіп өтіп, жазыққа шыққан соң көптеген саяз тармақтар мен арналарға бөлініп кетеді. Төменгі ағысында тарамдар, өзектер, көлдер мен батпақтар құрай отырып, Балқаш маңы жазығын кесіп өтеді. Өзен алабының мұз құрсану аумағы 139 км2, көлемі 0,77 км3 болатын 162 мұздық бар. Негізгі салалары: Сарқан, Қожамберді өзендері. Ақсу шаруашылыққа пайдалануға байланысты суы көктем мен жазда тасиды, осы кезеңде жылдық ағындысының 80%-і өтеді. Суы тұшы, минералдылығы 0,2-1,5 г/л аралығында ауытқиды. Минералдары химиялық құрамы жағынан гидрокарбонат класының кальций және магний тобына жатады. Суы егін, мал суаруға және техн. қажеттіліктерге пайдаланылады.
Көксу өзені
Көксу – Балқаш алабына қарайтын, Жоңғар Алатауының Басқан мұздығынан бастау алып, Қаратал өзеніне келіп құятын Алматы облысындағы өзен. 3 мың биіктіктен бастау алады. Ескелді, Кербұлақ, Көксу аудандары арқылы ағып өтеді.
«Көк» және «су» сөздерінің бірігуінен атау пайда болған. Суы аспан түстес әрі тұнық болғандықтан, «Көксу» атанған. Өзеннің ұзындығы – 205 шақырым, су жинау алабы 4670 шаршы шақырым. Тау бұлақтарынан (Қараарық пен Қазан бастауы) бастау алған өзеннің бастапқы арнасы – шатқалдың іші, арнасының жағасы тік, биіктігі 2-4 метрге дейін жетеді. Тереңдігі жарты метр, кейбір жерде 1,5 метрге болады. Арнасының ені 5-10 метр. Жылдық орташа су ағымы шатқал маңында 57 м3/с, Шаңғар шатқалынан шығыр тұста 120 м3/с, Көксу ауылы тұсында 37 м3/с.
Өзен ағысы қатты, суы мол, таза. Наурыз айында көтеріліп, қыркүйек айынан бастап өзен таяздана бастайды. Жергілікті шаруалар өзенді шабындық пен егін, бау-бақша суаруға пайдаланады.
Көксу өзенің үстінде бірнеше көпір бар. Солардың бірі «Көпір» деп аталады. Осы маңайда жалғыз көпір болғандықтан, бұл атау осында топонимге айналса керек. Көксу өзенінде жыл сайын экстремалды спорт өкілдері рафтинг ұйымдастырады.
Бүйен өзені
Бүйен – Ақсу алабындағы өзен. Географиялық аумағы бойынша – Алматы облысының Ақсу және Сарқан аудандары жерінде. Бүйен өзені – Аболин мұздығынан бастау алады. Ұзындығы – 120 шақырым. Су жиналатын алабы 1200 шаршы шақырым. Жылдық орташа су ағыны Сағабүйен ауылының тұсында 4,05 текше м/с. Суы тұщы (150-200 мг/л). Өзен арнасынан 12 канал тартылған. 1940 жылы Ақсу ауданының егіс алқаптарын суару мақсатында Бүйен суару жүйесі салынған. Оған Алатаудан шыққан Үлкен Бүйен, Орта Бүйен, Кіші Бүйен, Мұзбұлақ, Зәуре, Бүркітті және Салқынбел сияқты бұлақтардан су құйылады. Құрамында 3 бас тоған, 33,1 шақырымға созылған каналдары мен арықтары, 4 гидротехникалық қондырғысы бар. Өзеннің жоғары жағындағы үстірттен – Шоқпар тас, Самұрық тас, Тасбақа тас мүсініндегі табиғи тастарды көруге болады.
Сарқан өзені
Сарқан – Балқаш көлі алабындағы өзен. Өзен Сарқан ауданы жерімен ағады. Ұзындығы – 90 км. Су жиналатын алабы – 704 км. Жетісу Алатауының солтүстік беткейіндегі биіктігі 3400 м мұздықтан басталып, Көкжайдақ ауылы тұсында Ақсу өзеніне кұяды.
Аңғарының ені 300 – 500, кейде 1500 м-ге дейін жетеді. Арнасы қиыршықтасты, жиегі түйетайлы, биіктігі 3,5 – 4 м. Мұздық (35 – 40%), жауын-шашын (10 – 45%), жер асты (45 – 50%) суларымен толысады. Мамыр айында тасып, су деңгейі 2 м-ге дейін көтеріледі. Өзен бойында Сарқан қаласынан төмен 10 канал салынған. Өзен суы егін суғаруға, шаруашылық мұктаждықтарына пайдаланылады.
Өзен туралы аңыздар
- Қарақтарым, біздің Балқаш туралы, оның неліктен осылай аталғаны жайында әркім әр түрлі аңыздар айтып жүрген көрінеді. Соның бірі мынадай, – деп көпті көрген, көпті естіген қария орнынан бір қозғалып қойып, әңгіме бастады.
…Баяғыда осы тұста мыңды айдаған бір байдың ай мен күндей, ақылы асқан, келбеті жарасқан сұлу қызы болыпты. Қыздың аты Балқия екен. Ата-анасы, ауыл-аймағы еркелетіп, оны «Балқаш» деп кетіпті.
Қыз Балқаш айдай толып, кемеліне келіп бой жеткен шақта жастайынан айттырып, қалың малын тегіс төлеп бітірген бай «құда қамдана берсін, келінімді биыл күз аламын» деп қыздың әкесіне сәлем айтыпты.
Қыз бесікте жатқанда құда болып қойған күйеуінің тілі сақау, жарыместеу жігіт екен. Ұзатылу хабары Балқашқа төбесінен тас түскендей болып тиеді. Ас ішпей, ұйқы көрмей, сарыдай сарғайып сола бастайды. Мұны сезген ата-ана, ағайын-туған «жас өседі, жарлы байиды» деген, күйеу бала әлі жас, бір байдың еркесі, өсе келе есі кіріп, ел ағасы болып кетеді. Ақ батаны, шариғат жолын бұзуға болмайды» деп қызды жұбатады, күнде ойын, күнде думан жасап, көңілін бөлмек болады. Қайғы қасірет жүрегін кернеген Балқаш мұның біріне де назар салмайды.
Жадыраған жаз өтіп, қоңыр салқын күз түседі. Күйеу-құдалар келетін мезгіл де таянады. Қыз деген безіп қаңғырып өлсе де, есуас сақауға бармауға бел байлайды. Өзімен көңілі жарасқан, осы ауылға ертеден сіңісіп кеткен, әкесінің нағашыларының баласы Ерден деген жігітке Балқаш жатып жалынады.
- Қайтсең де мені мына пәледен құтқар. Өле-өлгенше алдыңнан шығып, айтқаныңды екі етпейін, өлсең, көріңе бірге түсейін, – деп қиылып отырып алады. Паналар жер, бетке ұстар елі жоқ қайраңдаған жалғыз жігіт не істерін білмей, қатты қысылады.
Ақыры, өзі сүйген қызын жатқа қиғысы келмеген ер көңілді жігіт бір түнде атпен қызды алып қашады. Барар бағыты – бұдан бір жыл бұрын жау алған жылқыны іздеп жүріп кез болған қалың қамысты үлкен көл. Мұз қатқанша соның жағасында жасырынып жатып, қысқа қарай оның ар жағына Ұлы жүз еліне өтіп кетпек.
Екі жас түн малынып, тау бөктерлеп келіп, қамыстарының құрағы күректей, сабаулары білектей, толқыны жар соқтырған үлкен көлге де келіп жетеді. Аттарын арқандап тастап, қамыстан күрке жасап алып, мұздың қатуын күтіп жата береді. Бұлардың қайда кетіп, қайда қойғанын білмеген ауыл адамдары елден-елге кісі шаптырып, сұрау салып сабылысады. Ерден күндіз аң аулайды. Балқаш жартасқа шығып, ұшқан құсқа, асыр салып ойнаған шабақтарға қарап жалғыз отырып, ел думанын сағынады. Қатері мол болашағын ойлап зарлана ән салады.
Бұл көлдің біз жатырмыз жағасында
Өмірдің өлімменен арасында.
Шабақтай мынау жүрген сайрандаған,
Туған ел, қайран жұртым қаласың ба?
Уа, шіркін, құс боп ұшсам қанат бітіп,
Балық боп су астына кетсем зытып,
Қолында дұшпанымның пенде болмай,
Өлсем арман қылмас ем жайын жұтып.
Қабыл боп зарлағанда қылған тілек,
Ар жаққа аман өтсек ұстап білек.
Армансыз бұл жалғаннан болар едім,
Жүрсем де ел қыдырып қайыр тілеп.
Аққу қаз, бір ғаріпті көрдім деме,
Шетінде жатыр сонау көлдің деме,
Қор етіп, көрінгенге мазақтатып,
Құдай-ау, шыбын жанды бердің неге!?
Күндер өте су салқындап, көлдің қататын мезгілі де жақындай бастады. Екі жас мұны асыға күтіп, жүректері алып ұшты.
Бір күні іңірде арқандаулы аттар осқырып, аласұрады. Қосыннан көйлекшең жүгіре шыққан Ерден екі атты бір топ қабанның қамап тұрғанын көреді. Пілтелі мылтық мұндайда қару бола ма! Қос жанында тұрған сойылды ала жүгіреді. Қаруын ары-бері сермеп, қабандарды қуып шығамын деп жүргенде, бір көкжалы Ерденді қарыстай азуымен іреп өтеді. Жігіт құлап қалады. Екі ат арқанын түбінен жұлып ойнақтап шыға бергенде қабандар солардың соңынан кетеді.
Бағанадан бері безгек қағып, маңайларына бара алмай жүрген Балқаш жүгіріп келіп қызыл қанға боялып жатқан Ерденді құшақтайды. Сүйемелеп қосқа әкеліп қараса, қабанның езуі Ерденнің шабын жарып кеткен екен. Киіз тоқымды отқа күйдіріп жарасына басады, күл себеді, қолынан келгеннің бәрін істеп, Ерденнің жаны үшін арпалысқа түседі.
Бұл екеуі осылай азап пен ажал арпалысында жатқанда жер сағынып, шыбыннан булығып тұрған сәйгүліктер босаған бетте ел қайдасың деп тартып береді. Жылқыға қосылып, арқан сүйреткен аттарды жылқышылар ұстап алып ауылға әкеледі. Ел жиылып, ат сабылып, әбігер қайтадан басталады. Арқан сүйреткен аттардың ізімен қуғыншылар жолға шығады.
Жарасы денесіне жайылып, өн бойын қанды ірің кеулеп кеткен Ерден бұл күндері әлі азая бастаған еді. Қыршын жас көп ұзамай қайтыс болды. Жапан түзде жан жолдасынан айырылып, қыз Балқаш ботадай боздап жалғыз қалады. Еңіреген өксігін басып, есін жиғаннан кейін қостың жанындағы майда құмды қазып, астына қамыс төсейді. Ерденді ақ жауып, өз киімімен арулап қояды. Жас қабырды құшақтап ұзақ жылаған Балқаш енді өзіне қабір қазады. Оның да астына қамыс төсеп үлкен пышақты өткір қайрап, қабірдың басына қояды. Содан кейін дәрет алып, көлге түсіп шығады да, жартастың басына көтеріледі. Жан-жаққа шыр айнала қарап, өмірімен ақырғы рет қоштасады.
Айырылдым айдалада Ерденімнен,
Соңынан қолын ұстап ергеніммен.
Болған соң тағдыр солай шара бар ма?
Көп еді көрмегенім көргенімнен.
Басыма тумай жатып түскен тұзақ,
Қақ жарып жас жүрекке салған сызат.
Көрсетпей рахатын жастық шақтың,
Кетуге жібермейді-ау елден де ұзап.
Қош, сау бол елім-жұртым, ата-ана,
Айдын көл, туған өлке, жалпақ дала.
Мен кеттім жас жанымды құрбан етіп,
Таба алмай өз ортаңнан ешбір пана!
Аққу-қаз, қабіріме келе кетші,
Ғаріптің не болғанын көре кетші.
Тәнімді қарға-құзғын шұқымасын,
Сабалап қанатыңмен көме кетші.
Күн батар алдында қыз Балқаш жартастың басында осылай зарлап отырған кезде иек артпадан бір топ атты сау ете түседі. Қыз олардың ішінен өз туыстарын, сақау күйеуін таниды. Қолға түсіп, пенде болмас үшін өзін-өзі өлтірерлік қару қабір басында қалған. Оған жетіп үлгере алатын емес. Не істеу керек? Аналар болса аттарын матап, қосқа барды, одан шығып жартасқа келе жатыр.
Балқаш жартастың суға төнген бір биігіне шықты да, көлге бір-ақ секірді. Жар соғып, көбік шашып жатқан асау толқын абзал аруды құшағына қысып, тереңге қарай алды да кетті.
Міне, содан бері әлгі көл «Балқаш қыз түсіп өлген көл», «Балқаш қашып барған көл», ақырында «Балқаш көлі» болып аталып кетіпті, – деп қария әңгімесін аяқтады.
Іле мен Қаратал
Сиқыршы Балқаштың Іле есімді сұлу қызы болыпты. Оның даңқы күллі далаға тараған екен. Оған құда түсуші дәулетті байлар мен хандар көп болыпты, бірақ олардың ешқайсысын да қыз өзінің сұлулығына тең көрмепті.
Сонда Балқаш күйеулер үшін жарыс өткізуге ұйғарады. Сөйтіп сиқыршы:
– Кімде-кім ақылды, епті және күшті болып шықса, сол Ілені алады! – деп хабарлайды.
Бұл жайында жас Қаратал да естиді. Жігіт өте кедей еді. Жұпыны тұратын. Бірақ оның атын шығарған желдей жүйрік сәйгүлігі болатын. Қаратал – батыр бітімді, жаужүрек сері. Ел-жұрт оны «Үкілі жігіт» деп атаған екен. Бір күні ол сиқыршының сарайына барып, бағымды сынайын деп жолға аттаныпты.
Әуелде жарлы жігітпен Балқаш бай сөйлескісі де келмепті. Бірақ Іле оны бір көргеннен-ақ ұнатып қалыпты. Әкесіне жалынып-жалбарынып өтініш айтып, Қараталды күйеулер сайысына қатыстыруға көндіріпті.
Қаратал сері бай балаларын күресте де, ат бәйгесінде де жеңіпті. Алайда сан түрлі сиқыр істейтін Балқаш қу сөзінен тайқып шыға келіпті. Жарлы-жақыбайды өзіне күйеу бала қылудан бас тартапты.
Сұлу қыз әкесінің сертінен тайғанын естіп, күні-түні жылаған екен. Сондай бір мұңлы күндері Қаратал Ілеге шабарман жібергізіпті. Хатта: «Егер мені сүйсең, қашайық!» – депті. Іле хатты қуана оқып, келісім берген. Уәделі сағат жеткенде екеуі елден қашқан екен.
Қызының сүйгенімен қашқанын естіп, қатты назаланған Балқаш бай: – Уа, опасыздар! Адалдықтан бездіңдер, енді тасқа айналыңдар, – деп қолын жайып, теріс бата беріпті де, сиқырлы таяғын ұстап, оларды сиқырлап тастаған екен. Ал өзі үлкен көлге айналыпты. Міне, содан бері бұл көлді ел-жұрт «Балқаш» деп атапты. Іле мен Қаратал сол көлге құятын өзенге айналған екен. Олардың бір-біріне қосылғысы келіп буырқанып-толқып жатқанына талай ғасыр болыпты.