МЕНІҢ УАЙЫМЫМ АСҚАЗАНЫМДА ЕМЕС, ЖҮРЕГІМДЕ!

МЕНІҢ УАЙЫМЫМ АСҚАЗАНЫМДА ЕМЕС, ЖҮРЕГІМДЕ!

Аллаға шүкір!

Арманыма жеттім. О баста жазған, сонау студенттік жылдарымда алтын дәптеріме бедерленген ұлы жоспарымның бір биігін бағындырыппын. Алашшыл зор мақсат-мұраттан тұратын өмірімнің бір биігі осы –  Qyr Balasy қоры еді. 

Әлқисса! 

2016 жылдың ақпаны еді. Ол уақытта әрі С. Сейфуллин әдеби музейінде (ғылыми қызметкер)  әрі «Ақ жол» партиясында (сарапшы)  әрі «Қазақстан ZAMAN» газетінде        (меншікті тілші), сонымен қатар университетте (оқытушы) қызмет істейтінмін. Күш-қуатым бойыма сыймай, арнасынан тасып тұрған сондай тынымсыз мезет болатын. «Ақ жол» партиясындағы тікелей басшым аяулы Сәбең, Сәбит Байдалы ағаммен әңгімелесіп отырып, өз алдына бөлек һәм тек жастардан құралған қоғамдық қор ашсам деген жоспарымның шет жағасын айтып ем, ұзақ жыл басшылық қызметтің құлағын ұстаған тәлімгерім ойыма риза болып, қуаттай кетті. Тіпті өз идеясын айтып, заң-құқық тұрғысынан кеңес беріп, бағыт-бағдар көрсетті. 

Сол жылдың көктемінде Заңғар Кәрімхан, Ұшқын Сәйдірахман, Ержан Шағимолдин, Алтынбек Құмырзақұлы сынды тағы бірқатар азаматтар бас қосып, шай ішкен едік. Сонда осы идеяны ортаға салдым. Жігіттер жоспар-бағдарымды мұқият тыңдады. Тәуекел қажет ететін жұмыс екен дегендері де болды. Мағжан Жұмабай бастаған ерлер «Алқа» ұйымын құрған, соны жаңғыртып, «Рух-Алқа» дейік деген идея туды. Әрқайсысымыз бес мың теңгеден жиып, Алтынбек Құмырзақұлына өткіздік. Айтпақшы, сол ақшаның тағдыры не болғанын әуелі Алтынбек, сосын бір Құдай ғана біледі… Құжат жағын Ұшқын реттемекші болды. Бірақ арада күндер зулап, айлар сырғанап өтті. Қор туралы идеяның өзі қор боп кетті…  

Содан нартәуекел деп 2017 жылдың күзінде бар қызметімнен өз еркіммен босап, тек осы қор шаруасын мойныма алдым. Әрине, ол жылдары әлеуметтік жағдайым өте жақсы еді. Қаражаттан қысылып көрмедім. Біраз жинаған қорыммен аш қалмасымды сезіп, етек түре, білек сыбана қор жұмысына жегілдім. Екі ай құжат жинап, 2017 жылдың 5 желтоқсанында ресми тіркеттім. Қор атын ұлт көсемінің құрметіне ырымдап қойдым. Әйгілі «ҚЫР БАЛАСЫ» әдеби есімін қор атына айналдырдым. Қордың мақсаты мен мұраты – барша репрессияланған Алаш қайраткерінің атын таныту, кітабын шығару, ол туралы деректі фильм түсіру, ұрпағымен байланыс құру, аға буын алаштанушылармен қоян-қолтық араласу және ұрпақтар сабақтастығын сақтау. Осы мақсатқа жету үшін күн сайын өзімізді өзіміз қамшылауға тура келген сын сағаттарды өткердік. 

2017 жылдың 8 желтоқсанында қордың алғашқы Құрылтай кеңесі өтті. Қор құрылтайшысы әрі президенті ретінде өзімнің міндеттерімді анықтап, кеңеске Заңғар Кәрімхан, Еркін Рахметуллинді, сосын Ұшқын Сәйдірахманды қостым. Шәкіртім Бағлан Әбеу қордың жауапты хатшысы қызметіне кірісті. Кейін қор қатары Алтынбек Құмырзақпен толықты. Ол да баяғы Рух-Алқаны үкілеп жүріп ресми тіркетіп, уәдесін орындапты дегенін естідім… 

Қордың қазығын қадап, шаңырағын көтергенде, қасыма келіп, уық боп, қабырғасын тіреген Заңғар, Еркін, Ұшқын еді. Осы төртеуміз ғана едік.  Міне, биыл сол қордың құрылғанына ресми алты жыл екен. Ал қоғамдық қызметін бастағанына бес жыл толып отыр. Бес жыл алаш деп өткен ғұмыр! Бес жылда қор мүшелерінің жалпы ұзын саны – 400-ден астам екен. Әрине, сан емес, сапа маңызды. Осы азаматтардың бәрі алаштанушы болмаса, мектепке мұғалім болып орналасқан күннің өзінде көкейінде алаш идеясы жүреріне бәс тігемін. Алаш идеясына ынтыққан жастан жаман маман шықпайды. Алаш идеясын бір рет оқыған адам ешқашан жаман адам болуға тиісті емес. Алаш көсемдері мен ерлері бізге ұлтқа ақысыз-пұлсыз қызмет қылудың озық өрнегін көрсетті емес пе! 

Осы бес жылда қор баспасы мен Әлихан Бөкейхан Алаш ғылыми-зерттеу институты құрылды. Халықаралық ірі жобалар жасалды, жүзеге асты. «Алаш жолымен…» экспедициясы өтті. Аз жұмыс емес, бірақ та көп жұмыс та емес. Болашақта бұдан да зор әрі ауыр жұмыс күтіп тұр! 

Мен –  тәуекелшіл адаммын. Сонау оқушы кезімнен бері тәуекелге көп барамын. Көзімді тарс жұмып тек алға жылжып жүре береді екенмін. Болашағым не болмақ, алдымда не күтіп тұр… ешқайсысын ойлап бекерге бас қатырмаппын. «Бөрі азығы мен ер азығы жолда» екенін біліп, «жүргенге жөргөм ілінерін» түсініп, он алты-он жеті жасымда түскен алаштың жолынан ешқашан басқа жаққа бұрылып я кері қайрылмасымды сезіп, өз-өзіме һәм «Халық жауының ұрпағы» тақсіретін тартқан атама берген уәдемді бұлжытпай орындау үшін айбарланып, алшаң басып келемін… 

Қорды не үшін құрдым?! Бұл – менің жүрегімде ұзақ уақыт тербелген тәтті ой, ұлы арман. Өзіме сондай жақын, сондай ыстық. Қор Алаш бағытындағы білім, ғылым қоры болады деп жоспарладым. Сосын, тек қана интеллектуал, жалынды да жігерлі жастардың рухани ортасы болады деп ниет қылдым. Замандастарымның я өкшелес буынның ең алдымен намысты, ұлтшыл болғанын жаным қалады. Жаныма кілең еңбексүйер, ізденгіш жастарды топтадым. Оларға қойған ең алғашқы әрі басты талабым –  «Достар, ұлтшыл, мемлекетшіл болыңдар!». Бізге қашанда мемлекетшіл жастар керек-ақ! 

Алаш мұрасын жанымен ұққанын, қасиетті идеяны сүйегіне сіңіргенін қаладым. Оларға уақытпен санаспай біртуар дегдарлардың өмірінен ғибратты оқиғаны мысал, асыл өнегесін үлгі еттім. Алаш аманатын сезінсін деп кейде қайрадым, кейде рухтарын көтердім. Бұл – менің ағалық әрі ұстаздық миссиям еді!

Qyr Balasy қорын ұлттық мүддеге қызмет ететін ұйымға айналдыру үшін барымды салдым. Күн демей, түн демей қызмет қылыппын. Қорға инвестиция, қаражат табу үшін кімдердің алдына бармадым десеңші?! Қор құрылған алғашқы жылдары көп дос маған күлген-тін. Досқа – таба, дұшпанға – күлкі болмас үшін намысқа тырысып, қалталы азаматтарға сөзімді өткізіп, қаражат тауып, «Алаш кітапханасы» сериясымен атаусыз қалған алаш оғландарының кітаптарын шығарғанымды еске алсам, көңілім босап, жаным құлазиды… 

Осы өткен бес жыл мен үшін үлкен тәжірибе жинау алаңы еді. Осы бес жыл менің менеджерлік, іскерлік қабілеттерімді одан әрі шыңдаған қайралу мен өсу кезеңіне айналды. Егер де осы күні ел арасында  Qyr Balasy қорының өзіндік бренді, абыройы қалыптасса, онда менің табанымнан тозған есіл күндерім текке өтпеді деп ойлаймын. 

Иә, сөз соңында айтарым –  алдарына барғанымда арқамнан қағып, «Жарайсың, бауырым!» деп қолыма мол ақша ұстатып, Алаштың аруақты ерлерін зерттеуге, ұлықтауға, танытуға мүмкіндік берген қордың тілеулес аға-апайларына ризашылығымды білдіремін. Қисық мінезіме шыдап, төзіммен, сабырмен, құрметпен қараған барша аға-достарыма, іні-қарындастарыма Тәңір жарылқасын дегім келеді. 

Уайымы асқазанына түскен жігіт тойып ішсем-жесем, сәнді киінсем дейді. Уайымы жүрегіне түскен ер ертеңін ойлап, елі үшін басын қатырып, балтырын сыздатады. Ез болмай, ер болайық! Ез болу да, ер болу да өз қолыңда емес пе! Менің уайымым асқазанымда емес, жүрегімде! Аллаға сансыз шүкіршілік! Тағдырым қолыма қалам ұстатып, аузыма сөз салған екен, ендеше жапырақ-ғұмырымның өлшеп-пішілген әр уақытын тиімді пайдалану – мен үшін ең ауыр сынақ. Иллаһи жауһар-уақыттың қадірін білу де маңызды. 

Мен көк мойнақты құлын кезінен баптап, жүйрік қылып, аламанға қостым, Алаштың аманатын арқалайтын ұлтшыл жастардың қатарын көбейттім. Ендігі де сол ізімді жалғайтын алашшыл шәкірт-бауырым Қазақ мемлекетінің көк туын, Алаштың жасыл байрағын һәм қорымыздың ақ түсті белгісін жаңа басшы ретінде нық ұстап, өз тұғырынан төмендетпейді деп сенемін. Үміт артамын. 

Ал мен 2023 жылдың 8 желтоқсанынан бастап қатардағы қор мүшесі боламын. Бес жылдық тойды абыроймен өткеріп, есебін берген соң, Құрылтай кеңесі төрағасы, Құрылтайшы-президент деген лауазымының бәрінен бас тартамын. 

Алладан тілерім, әр кезде қос қолымды жайып сұрар дұғам да осы – Алаштың аманатына адал болу. Қазақтың ұлан-ғайыр даласы, оның жер асты, жер үсті байлығы – тек қазаққа қана қызмет қылып, осы халықтың игілігіне жараса екен. Қазақтың ырзық-несібесі адалынан болса, жері бүтін, елі аман болса, Алаш сайыпқырандарының аруағы алдында һәм Құдай алдында арымыз таза болар еді. Ұлт деген сөз бәрінен қымбат, бәрінен қастерлі. 

Qyr Balasy қоры – үлкен отбасы. Оқыған, мәдениетті жастардың шағын Алаш Ордасы. Мен үшін Алмас ағам мен Айкүміс апайымнан бастап, ең кішкентай алты жастағы Биболсынға дейінгі барлық қор мүшесі аяулы. Бәріңді жақсы көремін! Данияр, Жауынбай, Нұрсұлтан, Ертай, Ербол, Омар, Мадияр, Сырым, Бауыржан, Нұркен, Өркеш, Талғат, Мағжан бастаған жігерлі жігіттермен, Самал, Жаңыл, Айгерім, Айнұр, Аққағаз (Таңнұр), Бөпежан, Қарақат, Құралай, Жансая, Ақниет, Гүлжанат, Махаббат, Гүлжайна бастаған барша нәзік жандылардан мол үміт күтеміз. Жолдарың, бақыттарың ашық болсын, жақсыларым! 

Мен ел билеп, жұрт шүйлеп жүрген адам емеспін. Бар сенерім Құдай берген дарыным мен қолымдағы қаламым ғана, бірақ қалам күші деген де осал қару емес. Жақынға ес, жатқа сес болуға жарайды. Жүзі мұқалмайтын, жігері жұқармайтын қаруым осы – қаламым. Сондықтан да қаламмен алаштың қилы тарихын жазып, жылнамасын жүйелеп, жоғалғанын түгендеп жүрермін. Десе де қаламға, жазуға серт берген азамат райында тағы да сол бағзы заманнан бергі сенімді серігіме айналған алтын дәптерде жазылған ескі де есті сөзге кезек беріп, өзімді бір жігерлендіріп алайын: 

Қазақ үшін өмірімнің соңына дейін КҮН болуға бармын!

Қазақ үшін өмірімнің соңына дейін ШЫРАҚ болуға бармын!

Қазақ үшін өмірімнің соңына дейін ТАМШЫ болуға бармын!

Posted in Эссе