«Мені жас жазушы әрі тамаша зерттеуші Елдос Тоқтарбай шығармашылық ізденістерінің ауқымы кеңдігімен, тереңдігімен, жазғандары мен атқарып жүрген істерінің мазмұндылығымен қайран қалдырып, риза етіп жүргенін атап айтқым келеді. Оның «Өмір қандай керемет!», «Мұрагер», «Аманат», «Киелі топырақ» сияқты хикаяттарының композициясы шымыр құрылған. Ұлттық тарихи қаһармандардың келбетін үлгі етіп, өз оқырманын ынтықтыра түседі.
Жас жазушы, әдебиеттанушы және өрімтал тарихшы-ғалым Елдос Тоқтарбайдың зерттеушілік жолға айнымастай боп түскеніне, осы жолдағы ізденістерінің нәтижелерін жұртшылыққа көркем және ғылыми тәсілдерді ұштастыра отырып жазу жолымен жеткізуге белді бекем байлағанына күмән жоқ. Ал бұл – өскелең ұрпақты тарихи білімге тартудың өте тиімді әдісі. Ол жастығына қарамай Алаш мұхитына терең бойлап, жиған білімі мен түйгендерін көпшілік игілігіне жомарт көңілмен, құдды атқылаған жанартау секілді, бұрқырата шашып жүр. Елдосқа осы ұмтылысында жаңа жеңістерге жете беруіне тілектестік білдіреміз. Ол – кешегі Алаш арыстарының заңды жалғасы, лайықты ізбасары, солар сияқты қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаушы».